V БЕКЕРЛІК (ІССІЗДІК)

 

Шәһәрлерге барған адамдардың қай-қайсысы да көретін шығар, ол шәһәрлердің ұлық базарлары, көшелері адамнан толы, бірі әрі, бірі бері ағылып жатқан бір жандар. Осынша көп жандардың ішінен ешбірі іссіз босқа ғұмыр оздырып, өсек айтып, жә болмаса, біреуді қажап аузына келгенін сөйлеп қарқ-қарқ күліп тұрғаны көрінбейді. Әркім өз ісінің артында жүргені. Енді біздің  қазақ халқының ғұрып-ғадеттерін бұған жарыстырып қарасақ, тіпті басқа біздегі  көбірек жігіттер алтай қыс іссіз ғұмырларын босқа оздырып тек жүреді. «Дүниеде не арзан?» деп сұраушыға «біздің қазақ жігіттерінің ғұмыры» деп жауап берілсе, бек дұрыс жауап болашық.

Халбүки, сол іссіз бос жүруден бек көп зарарлы бұзықтықтар туады: қарап жүре алмай ғайбат айтады, сөз жүгіртеді, екі ағайынды бір-біріне араз, ащы қылады. Қызметсіз қыдыру себепті, жарлы-жақыбайдың шаруасына да қайшекте зарар етіп кесір болатыны күнбе-күн көз алдымызда болып тұрған оқиғалар емес пе?

Бұл бекершілік жаман әдетке себеп – надандық. Ешбір халық мұндай зарарлы ғадеттерден оқымай, бірлік иесі болмай арыла алмайды. Надандықтың зарары жалғыз бұл ғана емес. Мұнан басқа да бек көп. Құрметті оқушылар жалықпаса, мен ол зарарлардың да бірнеше бастыларын көрсетемін.