III ІЗГІ ҒАМАЛ

 

Ізгі ғамал дегеніміз жақсы істі ешбір ғарызсыз тек жақсылығына көре істеуге айтылады. Біреу жақсы істі, яки ғибадатты мақтаншылық атақ үшін істесе, ол жақсы ғамал емес. Ошандық1 тәңірі тағалаға деп істеген екі рәкағат намаз үшін мәңгілік сауап күту – тамық ету2 ғибадаттың рухын жоятын бір әдепсіздік. Оның үшін: ғаламда еш сауап, ғазап атты нәрсе болмаған халде де, пенде тәңірісін әр уақыт ісіне  түсіріп, ол пенде қожасына құлдық көрсетіп, кәміл сынықтықпен бойсұнуға (сәждеге баруға) борышты.

Енді кісі өзіне борыш һәм міндет болған бір ғамалды шалашарпы істеген болып та оған тағы да хақ үміт ету, нешік әдепсіздік, әм тамық хұзулық3 болмасын?!. . .

 

Дұрыс, бір пенде өзіне  міндет болған құлдықты жеріне келтіріп, қалдарихал басқа адамдарға жақсылық жәрдем етіп ғұмыр кешірсе, тәңірі тағала өз фазылымен4 шексіз сауаптар берсе берер. Мұнда сөз жоқ. Мәгер ғибадаттан (құлдықтан) сауап күтіп істеу ғибадаттың рухын жойып, ләзеті кетеді. Бұнда да сөз жоқ. Оның үшін жалданып іс еткен жалшы хүкімінде болады – жалшыда нендей ықылас, нендей сынықтық болмақ керек. Міне бұ себепті адамдар жақсылықты сауап үшін, атақ үшін яки басқа бір ғарыз5 үшін істеу керек емес. Бәлки тек жақсылық болғандығы үшін істеу керек. Өйтпесең ғамалдың рухы, сыры жойылады, халбүки6 әр ғамалдың бір рухы, сыры бар.

____________

1 Ошалық – осындай.

2 Тамық ету – мойындамау.

3 Тамық хұзулық – мойындамау сияқты.

4 Фазыл – жақсылық, артықшылық.

5 Ғарыз – мақсат, мүддесі.

6 Халбүки – сондықтан деген мағынада.