I ЖАНДЫ, ЖАНСЫЗ. РУХ ТУРАЛЫ КІТАПТЫҢ ТӨРТІНШІ ТРАКТАТЫ ШЕЙХ МҰХАММЕД ҒАБДУҺУ ТӘФСІРІ.

Дүниедегі барлық заттар жанды, жансыз боп екіге бөлінеді. Соңғысының құны алғашқысына қарағанда төмен екені баршамызға белгілі.

Әр түрлі нәрселердің жанды, жансыз болуы олардың табиғи жаратылысына байланысты. Мұны әр нәрсенің өз табиғатымен ғана түсіндіруге болады. Көптеген адамдардың пікірінше жанды, жансыз нәрселердің жаны, жынысы ішкі табиғатына, жаратылысына қарай ажыратылады.

Имам Ғазали, Афғани, Шейх Мұхаммед Ғабдуһу сияқты белгілі ғұламалардың іліміне кез келген адамның түсінуі оңай емес. Сондықтан, пәлсәпа хақында шағын, жеңіл, түсінікті еңбектердің болғаны абзал. Сөз ыңғайы келгенде айта кетейін. Осы жылдың ішінде Жаңа Өзен аулында бір хазірет ишанның жиналысына кезіктім. Сол жиналыста бір қатар ғұламалар, Мысырдан оқып қайтқан бір жас мұғалім бар екен. Бұл Рамазан айының жақындап қалған кезі еді. Хазірет Ишан ораза ұстамайтын, намаз оқымайтын жастарды сынап, оларға теріс әсер еткен жоғарыдағы ғұламалар деді. Ол бұл ғұламаларды бекер сөгіп отыр. Жаңағы мұғалім екеуіміз сөйлестік.

-  Мырза, Шейх Мұхаммед Ғабдуһудың қандай еңбегін оқыдыңыз? – дедім.

-  Қандай еңбегін айтасыз? – деді.

-  Оның көптеген еңбектері жарық көрді. Жұртқа көп таралғаны тәфсірі және «Рисалат тауһид»*, т.б. пәлсәпалық кітаптары – дедім.

-  Оның қажеті не? Мен ол шығармаларды керек етпеймін – деді.

-  Неге?

-  Көңілді қарайтады. Оны не істеймін? Одан да Рух туралы төрт кітабым бар, сол да жетіп жатыр – деді.

-  Мұғалім – хазірет, сіз рух туралы төрт кітапты оқығаннан гөрі, Мұхаммед Ғабдуһудың Бахара сүресі туралы тәфсірін оқығаның дұрысырақ шығар – дедім.

Бірақ, әңгімеміз мұнымен біткен жоқ. Оның бәрін баяндау мақсат емес. Мұғалім айтқан еңбектерді арнайы зер салып оқу керек. Ал, біздің әңгімеміз қысқаша түсінік беру. Үйткені, дүние туралы әңгіме шексіз. Ал, оларды ғұламалар болмаса, барлық адамның ұғынуына қиынырақ және оны білу барша адамға міндетті емес.

_____________

*Дүниенің тұтастығы туралы трактат.