ИГІЛІК ЖӘНЕ ЖАҚСЫЛЫҚ*

Құрметті Ләтіп әпенді, сіздің маған жазған хатыңызда: «Бұл, заманда сопылар көбейді, бірақ олардың қарапайым халыққа ғибраты шамалы, керісінше, сопылар мен мүридтер көбейген жерде ұрлық, қиянат, жалқаулық, құмар ойнау, ішімдікке берілу сияқты пасық істер көбейе түсетіні неліктен?» деп сұрапсыз.

         Әпенді мырза, пасықтықтың түп-тамыры ғылым-білім, оқу-ағарту істерінің пайда болуымен байланысты емес, сопылардың надандығының зиянды әсерінен. Надан сопылар сөзінің халыққа ғибраты жоқ. Жақсылық адамның өзіне байланысты. Мұны өзгермейтін қағида десе де болады. Тереңірек ой жүгіртіп қарасақ, әлемде болып жатқан оқиғалардың бәрі осыны дәлелдейді. Жақсылық екі түрлі болады. Бірі – рухани, бірі – материалдық.

Материалдық жақсылық әркімге мәлім. Мәселен, біреудің мұқтажына қарай (мал, киім-кешек, тамақ, т.б.) көмектесу материалдық жақсылық деп есептеледі. Рухани жаксылық – адамның бақытқа кенелуі (оқу, ағарту, ғылым, т.б.), моральдық қажеттерінің өтелуі. Адам рухани жақсылыққа жету үшін материалдық көмек керек екенін білу парыз. Мұндай істерді орындау да адамның өз қолында.

Рухани жағынан бірін-бірі қолдап отыру – адамның ең жақсы қасиеті. Адам абыройының артуы, сөзінің өтімді болуы оның істеген жақсылық істеріне байланысты. Жақсылық адамдардың өз қолында дейтініміз осыдан.

Шын сопылардың уағыз, насихаттары халыққа пайда келтіретіндігіне күмән жоқ.

____________

* «Шора» журналының 17-санында басылған (1911).