IX САДЫҚ-«ШЫНДЫҚ»

 

Бүкіл елімізге атағы кең жайылған, барша халқымыз тегіс дос көрген, ол не десе соған сенген, нені бұйырса, соған бой ұсынған, өмірінде бір кісімен таласып көрмеген, басқалар да онымен таласпаған, оған ешқандай күншілік етпеген, ол өзі де ешқандай теріс мінез көрсетпеген, бір сөз айтса бітті, өзгелер екі етпеген, қысқасы аса ақылды патшаларда болмаған бақыт онда болған бір кісіні білеміз.

Бір күні жолдастарымызбен бірге отырып әңгіме құрдық. Арамызда мынадай сөз болды: «Бұ не ғажап, қандай өнер арқасында осындай дәрежеге жеткен? Егер ақылы, ғылымы арқасында десек, дүние жүзін былай қойғанда, осы Русия түріктерінің ішінде ол сияқтылардың талайын табуға болады. Бұл кісі көрген қадір-құрметті ешкімнің пешенесіне жазбаған. Қандай білімді, зор дәрежелі кісі болса да, өзгелердің бәрінің де досынан дұшпаны көп. Соған қарағанда бұл кісіде басқаларда жоқ ерекше бір қасиет болуы керек. Осыны тексердік пе? Демек, бұл кісіде «садық» қасиеті басқалардағыға қарағанда әлдеқайда артық дәрежеде екенін көреміз. Үйткені бұл кісі не сөйлесін, не істесін бәрін де шын, адал, ақиқат істеген. Біреуге үгіт айтсын, ұрыссын бәрі де рас, ақиқат, шын, қысқасы былай қарағанда бір диуана сияқты көрінеді.»

Құрметті оқушылар бұл айтқандарымды қияли бір сөз деп есептемеңіз. Һәм бұл кісіні бір мен ғана жақсы көреді екен демеңіз, бүкіл ел жақсы көреді. Түптеп келгенде шындықты жақсы көрмейтін адам жоқ. Үйткені шындықты жақсы көруге барлық адам борышты. Олар сол борыштарын өтеуге тиіс.

Шындық – дұшпандарды дос ететін күш, достардың достығын арттыратын құрал.  Шындық сөзін ықыласпен тындата алған би («қатып»), үкімін тегіс жүргізе алған патша бақытты болмақ. Шын сөз әсерлі, шын іс табыс көзі. Дүниені негізі – шындық. Біздің бүтін бақытымыз – ақиқат ғылымға негізделген. Жалған ғылым еш уақытта да пайда бермейді.