АЛАШҚА

 Ау, Алаш, көзіңді бүгін ашар күнің!

 Қарманып ілгері аяқ басар күнің!

 Шығарып бір жеңнен қол, бір жерден сөз,

 Адымдап асқар белден асар күнің.

 Теңізім, телегейім – қайран елім,

 Кемерлеп толқын атып, тасар күнің!

 Ақ күміс, қызыл алтын жиғаныңды,

 Құрбан қып осы жолға шашар күнің!

 Терезең теңгеріліп қатар тұрса,

 Осы!- деп сонда жүрек басар күнің!

 Ау, Алаш, заман жайын білеміз бе?

 Құлаққа айтқан сөзді іліміз бе?

 Заманның ыңғайынша ғамал қылып,

 Зырлаған желмаяға мінеміз бе?

 Өнерлі, білімдінің қылған ісі

 Майданда мұны байқап көреміз бе?

 Күш қосып, құралданып бас қорғаудың

 Жолына белді буып кіреміз бе?

 Болмаса күнде бір ел қырғын тауып,

 Жылаулап бастан-аяқ жүреміз бе?