ЕКІ БАУЫРҒА

Жік салма, екі бауыр, араңызға,

Төрдегі байқап қара анаңызға.

Айырмай қала, дала тисе тиер,

Сыбаға ұраны бір қараңызға.

Қала-еке, тек бауырды жұтам деме!

Теңсіздік сақау күйде тұтам деме.

Бүйректен сирақ шықпай, қоңсы қонып,

Айрылса ақ кенінен ұтам деме.

Дала-еке, сен де сұмдық бастай берме!

Бір туған дос қаланы қостай көрме,

Түндігім күнбатыстан ашулы деп,

Шамыңды түнгі жаққан тастай көрме.

Қашаннан бірің қала, бірің дала,

Емшектес егіз өскен екі бала,

Жүре бер абыз-аға қатар түзеп,

Гүлденер тұрмыс түрі сонда ғана.