СОҒЫС ҚАҺАРЫ (НЕКРАСОВТАН АУДАРМА)

 Бұлағай соғыс қаһарын ойға алғанда

 Құрбандық сағат сайын ол шалғанда.

 Аяныш емес қалған дос пенен жар,

 Батыр да жатқан сұлап ойға алғанда.

 Жар ойнап біреуменен әлі-ақ жатар,

 Сол үшін қайғы отын ол аз жұтар.

 Шығарда жаны басқа деген жолдас,

 О-дағы екі айналмай сені ұмытар.

 Бір жан бар бірақ сені еске алатын,

 Барғанша тар лахатқа аһ ұратын.

 Боямалы, шындығы жоқ бұл жалғанда,

 Көзінен тамшылатып жас ағатын.

 Шын өзі жас төгетін жалғыз ана,

 Шықпайды жүрегінен есіл бала.

 Кесілген бұтақтары бір бәйтерек,

 Секілді өтеді өмір жалғыз ғана...