ӘДІЛ ШЕККІ

Таразы ешбір қатер сақтамайды,

Қараны бір уақыт та ақтамайды.

Салмағың қанша тартса соны айтады,

Бірді олай, бірді бұлай жақтамайды.

Бәріңді болғанынша көрсетіп тұр,

Хан, төре, би екен деп мақтамайды.

Бір түсіп, бір жоғары көтеріліп,

Келгенше шамасына тоқтамайды.

Ашу тұт, араздық ет бәрі оған бір,

Жүк етіп ешнәрсені жоқтамайды.

Өлеңмен елдің түрі көрінеді,

Өлшеніп таразыға ілінеді.

Дәрігердің шеккісіндей өте сезгіш,

Кей сөзден нәзік мағна білінеді.

Өз мінін өзі, бірақ, өлшер жерде,

Әркім де біразырақ кідіреді.

Кісінің жайын көргіш болғанменен,

Келгенде өз басына мүдіреді.

Шұбырып жұрт өлшеніп шығып жатыр,

Тартқанын неше мысқал кім біледі?