ЖЕТІМ САУАЛ

Бар ма екен бұ жалғанда бауыры бүтін,

Болса да сырты бүтін, іші түтін.

Өлімнің тырнағынан құтылмаған,

Татқан жан жаһан деген ана сүтін.

Ғазраил ұсынған күн әркім де ішер

Өлімнің шарабынан бір-бір жұтым.

Шиеттей қатын, бала қалар жылап,

Тартады аз ғана күн қасіретін.

Біреуге келер бүгін, біреуге ертең,

Солдырар бәрінің де гүлдей бетін.

Назданып сұлу бекер керіледі,

Жем етер құрт-құмырсқа қардай етін.

Тіріде ынтық, асық болған жарлар,

Көруге жиіркенер сүгіретін.

Жаһанға өлмек үшін келмек болсақ,

Жаратып нетеді екен құдіретім?!

Пікірін сарп етсе де ғұламалар,

Жауапсыз бұ бір «сауал» қалған жетім.