ӨТІРІК

Өтірік емес лайық ерге сифат,

Өтірікші таппас қадыр әм ілтифат,

Аллаға, әм адамға еш бұлы жоқ,

Тағылған мойнына бір жаман ат.

Әй, жігіт! адамдықта болса бейлің,

Бұл аттан сақтануға қыл иждихат.

Аларсын масқаралық дәл басыңа,

Боларсын жиhанға таң, әлемге жат.

Нанбайды бір құдайға, шын сөзіңе,

Жайылса ел ішіне бүй деген ат.

Құйрығы бір тұтам бұ тәңірі алғырдың,

Алдыңнан әлі-ақ шығып берер ұят.

Шиедей екі бетің қызартады,

Кетпейді тағылған ат, жағылған зат.

Біреуді өтірікші деп жамандаса,

Сап етіп саған барып тиеді тап.

Қысылып өз өзіңнен қуыстанып,

Күлгенге ұрынасын қызарақтап.

Бұлардың бәрі ауыр жүк емес пе?

Зәредей ер адамда болса ұят.