ҒАДІЛДІК

«Ғаділдік» бай, жарлыны тең көруің,

Әлсіздің хақын өтеп теңгеруің.

Хакім да адам ұлы, бәрі тегіс,

Бірі артық, бірін жөнсіз кем көрудің.

Ашық жүз байлар келсе күлер шырай,

Жарлының ісі түссе, өңгеруің.

Ант беріп, аманатты болып хакім,

Лайық па, алым-пара, сөзге еруің?

Пайдаға біраз ғана қызығасың,

Білмейсің адамдығың өзгеруін?

Адамдық кетсе қайта табалмассың,

Қиын-ды кеткен затқа кез келуің.

Шошынып, хош-сау айтып бір кеткен соң,

Болар ма күтіп қайта тез келуің.

«Ғаділдік» адамдықты, қолда тұрған,

Қадірін тиіс оның бек білуің.

Айрылып адамдықтан, дәрежеден,

Жап-жақын қалып мыстай тек жүруің.

Біз көрдік, талай бұлай қалғандарды,

Айтамын етіп ғибрәт* көз көруін.

__________

* Ғибрад–үлгі.