Бір ғасыр өткен соң

«Қазақстан» газеті ел-жұртымен қайта қауышты

Оқырман қауым бұдан 102 жыл бұрын қазақ даласында «Қазақстан» атты газет шығып тұрғанынан хабардар болса керек. Әрине, бүгінде Қазақстан атты мемлекеттің атауы төрткүл дүниеге танымал болғанымен, осыдан 100 жылдан астам уақыт бедерінде қазақты өзге жұрт танымақ түгілі, тұтас бір халық тіпті өзінің о бастағы төл атауына зар болып қалғаны тарихи шындық. Бұған сол кездегі барша құжаттар мен жазбаларда қазақ атауы «киргиз», «киргиз-кайсак» деп бұрмаланғаны айқын дәлел. Осындай кезеңде қазақ жерінде «Қазақстан» яғни Қазақ елі деген түсінік беретін газеттің тұсауы кесіліп, оның күллі жер жаһанға таратылғаны шын мәнінде оны шығарушылардың ерлігі, өз ұлтын сүйе білудің таптырмас өнегесі деуге болады. Ал дәл осы атаумен бүгінгі күні мемлекеттің аталуы бері салып айтқанда – көрегендік.

Газет тарихын зерттеушілердің бірі оның 16 нөмірі шықты десе, екіншісі 18 саны жарық көрді деп тұжырымдайды. Әрине, бұл жерде басты мәселе «Қазақстанның» қанша нөмірі шыққанында емес, бұған дейін табылған 16 нөмірінің араб қарпімен, кейбір реттерде орыс тілінде жазылған түпнұсқасының көшірмелері толық жинақталуында. Әрі оның бәрі аса сауатты түрде қазіргі кириллицаға көшіріліп, аударылып берілуінде. Бұл шын мәнінде түрен түспеген тың іс, соңы шығармашылық қарекет. Ең бастысы, әр сөзі алтынға пара-пар осы көшірмелер мен аудармалар еліміздің баспасөзі тарихында тұңғыш рет қалың кітап болып жинақталып, басылып шықты. Мұны Орал қаласындағы «Жайық Пресс» ЖШС бас директоры Жантас САФУЛЛИН басқарған шығармашылық топ жүзеге асырды. Аймақтағы медиахолдинг басшысымен әңгіме осындай тақырып төңірегінде өрбіді.

 

100-561

Суретте: «Жайық Пресс»

ЖШС-ның бас директоры

Жантас Сафуллин

– Жантас Нәбиоллаұлы, «Қа­­зақстан» қазақ баспасөзінің тари­хында аз да емес, көп те емес, қайткенде де зерттелген тақы­рыптардың қатарына кіреді. Бұған Қайыржан Бек­хожин мен Мұстафа Ыс­­мағұ­ловтың, Иса­тай Кенжалиев пен Мақсат Тәжімұраттың еңбектері дәлел. Осы зерттеулерге нендей тың ой-пікір қоса алдыңыздар? Жалпы, «Қазақстан» газетінің нөмірлерін түгендеуге қозғау салған жайт қандай?

 

– Біріншіден, мен тарихшы да, баспасөз тарихын зерттеуші де емеспін. Сондықтан алдымызға аталған мәселеге орай қандай да бір болмасын індете зерттеу нысанасын қойғаным жоқ. Сондай-ақ, тұңғыш саны 1911 жылдың наурызында басылған, әрі алғашқы шығарушылары Ғұмар Қараш, Елеусін Бұйрин, Ғабдолғазиз Мұса­ғалиев болып табылатын «Қазақ­станға» қатысты зерттеулерді одан әрі тереңдету мен толықтыруды да мақсат еткен емеспіз. Ашығын айтқанда, бұл тақырыпқа ойламаған жерден кезіктім де, оны аттап өтуге болмады.

Мұның мәнісі мынада. Биыл Батыс Қазақстанның бас ресми басылымдары «Орал өңірі» мен «Приуральенің» шыға бастағанына 95 жыл толып отыр. Осыған орай, аталған басылымдар тарапынан сыр тарқататын музей ашуды мақсат еттік. Бұл істі ең алдымен, осы газеттердің алғашқы тігінділерін түгендеуден бастағанды жөн көрдік. Бұған қоса, тұңғыш нөмірлерді ұйымдастырған тұлғаларды да іздей бастадық. Бұл ретте «Орал өңірінің» 1968 жылғы 17 қарашада оның 50 жылдығына қатысты жазылған бір мақала назарымызды айрықша аударды. Авторы – Тамимдар Сафиев. Мәскеу қаласында тұрады екен. Ол кісі газеттің тарихына байланысты көптеген құнды деректер келтіріпті.

Соның ішінде, бұған дейін «Хабар» және «Қазақ дұрыстығы» аталып екі тілде шыққан газет орнына бір ғана қазақ тілінде газет шығару мәселесі талқыланғандығы, көпшіліктің ұйғарымымен газет атауы «Дұрыстық жолы» болып өзгертілгенде, оның редакция алқасына Ғұмар Қараш, Мұстафа Көкебаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Халел Есенбаев және мақала авторы Тамимдар Сафиев кіргендігі айтылған. Газет жұмысында редакция алқасы – ең негізгі орган болып есептелетіндіктен, оның мүшелерінің бұрын қайда, кім болып қызмет еткендігін айқындау қажет болды. Түптеп келгенде, жоғарыда аталған бесеудің екеуі, яғни Ғұмар Қараш пен Ғабдолғазиз Мұсағалиев 1911-1913 жылдары «Қазақстан» атауымен газет шығарушылар қатарында қызмет жасапты. Сондықтан, істі «Қазақстан» газетінен бастағанды жөн көрдік. Осы арада тағы бір айта кетерлік мәселе, Халел Есен­баев пен Тамимдар Сафиев ке­йін Орынборда 1919 жылдың желтоқсан айында ашылған «Ұш­қын», бүгінгі «Егемен Қазақстан» газетінің бастауында болғаны.

– Дұрыс екен. Өзіңіз айтқан уақыт аралығында Бөкей ордасында және Орал қаласында «Қазақстан» деген атаумен екі жыл бойы газет шыққанын білмейтін бе едіңіз?

100-560

– Білуін білемін ғой. Талай естігенмін де. Алайда, оған сол тұста тереңірек зер салып, үңіл­меппін. Әрі бұған жете мән бермей келіппін. Қайткенде де осы дерек мені өзіне тартып, қызықтыра түсті. Сол себепті осыған дейінгі зерттеушілердің материалдарымен танысқанды жөн көрдім. 1962 жылы зерттеуші ғалым М.Ысмағұлов аталмыш газет туралы деректер негізінде «Қазақстан» газетінің шығу тарихы және оның идеялық мазмұны» атты көлемді мақаласын жариялапты. Ал, қазақ баспасөзі тарихын зерттеуші Қайыржан Бекхожин: «Газеттің «Қазақстан» деп аталуында терең мән бар. Бұл кең-байтақ қазақ жерін біріктіріп, демократиялық республика орнату идеясын аңғартады» – деп түйіндеген.

Шәңгерей Бөкеев пен Ғұмар Қарашты зерттеп, еңбегін кітап етіп шығарған белгілі көсемсөзші-ғалым Мақсат Тәжімұрат: «Бұл екі тұлға газетті тікелей шыға­рушылар» – деген ой айтады. Әрі ол Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайындағы М.Ысмағұловтың жазбаларына сілтеме жасайды. Содан соң Батыс Қазақстан облыстық тарихи-өлкетану мұражайына атбасын бұрдық. Мұражай директоры Әбіл Жоламанов ыждағаттап көмек етіп, М.Ысмағұловтың «Қазақстан» газетіне қатысты бірнеше папка еңбектерін тауып берді. Ол кісі газетті мүмкіндігінше тиянақты зерттеп, араб әрпімен жазылған мақалаларды кириллицаға көшір­ген екен.

«Қазақстан» газетінің тарихы мен мазмұнын, бағыт-бағдарын айқын білу үшін, бірінші кезекте оның нөмірімен толық танысып шыққанды жөн көрдім. Осындай мақсатпен газетті іздедім. Алайда, бірден оны таба алмадым. Оралдық тарихшы-ғалым Бақтылы Боранбаева маған Мемлекеттік кітап палатасында «Қазақстан» газетінің көшірмесі бар деген дерек айтқан соң осы бағыт бойынша сонда бардым. Ондағылардың бар тауып көрсеткені газет көшірмесінің төрт-ақ нөмірі болды. Белгілі қоғам қайраткері Ермекқали Нығметов, оны 1956-1971 жылдары аталған палатада директор болып қызмет істеп жүрген кезінде алдырыпты. Кейін біраз нөмірі жоғалып, ұрланып кетсе керек. Қалғанының фотокөшірмесін алдым. Еліміздегі басты ғылыми-көпшілік кітап­ханалар мен мұражайларға қанша сауал сала тұрсам да, оған оң жауап келмеді. Амалым таусылған соң, газеттің көшірмелерін Ресей кітапханаларынан іздеуді жөн көрдім.

Зерттеушілердің бірі: «Газеттің 16 нөмірі шықты», десе, екіншісі: «18 нөмірі шықты» деген уәж ай­­­тады. Әлгінде, айтқанымдай, оның барлық нөмірін өз елімізден таба алмағандықтан, Ресейдегі кітапханаларға сұрау салдым. Дұрыс істеген екенмін. Біраз уа­қыт өткен соң ол жақтан: «Біз­де «Қазақстан» газеті бар», де­ген қуанышты хабар келді. Оның бірі – Петербургтегі М.Е.Салтыков-Щедрин атындағы көп­шілік кітапханасынан, екіншісі Мәскеудегі Ресей мем­лекеттік кітап­ханасынан жетті. Дереу келіссөз жүргізіп, қажетті қаражатын төле­дік. Соған сай олар газеттің электрондық көшір­мелерін жіберді. Бірінде жоғы екіншісінен табылып, әйтеуір 16 нөмір жинақталды. Газеттегі материалдың дені араб әрпі мен қазақ тілінде жазылған. Кириллица әрпімен орыс тілінде де жарияланған мақалалар бар. Форматы А3 көлемінде, бастап­қыда алты бет, содан кейін сегіз бет болып ұлғайған. Ресми редакторы Елеусін Бұйрин. Қазақ тіліндегі жүгі ауыр, салмақты мақалаларды Ғұмар Қараш жазыпты. Едәуір материалдар оның бүркеме аттарымен берілген. Бұдан газетті шығаруда аталған тұлғаның еңбегі зор екендігін байқаймыз.

Айтып-айтпай не керек, міне біз іздеген жетер мұратқа дегендей, газеттің көшірлемелерін түгелге жуық таптық. Алайда, бұдан әрі тек осы көшірмелермен малданып, қанағаттанып қала алмайтынымызды сезіндік. Енді «Қазақстанда» араб қарпімен жазылған материалдарды кириллицаға аудару жөнінде тағы бір тың ой келді. Бұл іс кімнің қолынан келеді? Осы сауал алдымыздан шыққанда Ғайсағали Сейтақ, Жаннат Тоқтарова, Артур Мағзомов, Нұртас Нәбиоллаұлы және Нұрлыбек Рахманов секілді шығармашылық топ мүшелері есімі республикаға танымал журналист, шығыстану тақырыбына жақын жүретін, араб тілін мең­герген қаламгер, «Орал өңірі» газе­тінің бөлім меңгерушісі Қазбек Құттымұратұлының есіміне тоқталды.

Осылайша, өзара ұйғарым жаса­ған біз, ішкі ойымызды әріптесімізге жеткіздік. Ол сәл ойланып қалды да, көп кешікпей: «Егер сенім білдірсеңіздер «Қазақ­стан» газетінде араб қарпімен жазылған материалдарды кирил­лицаға аударып көруге болады. Дегенмен, алғашқы мәтінмен танысып, ой-пікірлеріңізді айтыңыздар. Егер ұнаса, істі одан әрі жалғастырамын», – деп, өзінің байламы мен тұжырымын айтты. Сөйтті де Қазекең көп кешікпей іске кірісті. Алғашқы нөмірін сәтті аударып шықты. Оқып таңғалдық.

Өйткені, басылым болашақты болжай білген. Газеттің маңыз­дылығын айтып, ел болуға үнде­ген. Мақала иелері білімді, дүние­танымы өте кең. Ортаға салар ойлары таңдай қақтырады. Осылайша, 16 нөмірі аударылды. Әр нөмір­ді оқыған сайы­н толқисың, баба­ларымыздың аса қиын жағдайда жанкештілікпен осы газетті шы­ғар­ғанына риза боласың. Сөйте тұра, ғасырдан астам уақыт өтсе де, тәуелсіздік алғанымызға 22 жыл толса да, «Қазақстан» мен оны шығарушылардың өз тарихи бағасын алмағанына қын­жылғандай күй кешесің.

– «Қазақстан» газетінің жи­нақ­талған тігінделері мен көшір­мелерін түгелдей оқып, танысып шыққан тұңғыш оқырман ретінде нендей ой-пікір айтар едіңіз?

– Біріншіден, аз уақыт ішінде іркіліп, үздік-создық шықса да «Қазақстан» газеті мерзімді басылым ретінде барынша қалыптасқан, бүгінгі «бұқаралық ақпарат құралы» анықтамасының барлық сипаты көріне алатын толыққанды газет болғаны байқалады. Екіншіден, газеттің редакциясы мен баспаханасы туралы осы кезге дейін айтылып жүрген пікірлерді де бір ізге түсіруге болатындай. Өйткені, газеттің алғашқы екі (16.03.1911, 27.05.1911) саны Апресянц пен Окур (Астрахань) баспасынан, одан кейінгі бес саны (1911 жылғы 15 қараша мен 1912 жылғы 4 ақпаны аралығы) А.Н.Щелкованың жеке баспаханасынан, ал 1912 жылдың 4 ақпанынан бастап, «Қазақстанның» өз баспаханасынан басылғандығы туралы газеттің әр санында анық жазылған.

Әр беттегі мақалалардан Ғұмар Қараштың озық ойлы кемеңгерлігі мен шешендігі, Елеусін Бұйриннің жанкештілігі, қарапайымдылығы, адалдығы, Бақытжан Қаратаевтың көсемдігі, газет жұмысының пәр­мендігін арттырып, Ресей думасымен, үкіметтік орындармен ты­ғыз қарым-қатынаста болуы қазақ мүддесінің үкіметтік дәрежеде ше­шілуі үшін жасаған нақты қадам­дары анық байқалады.

– «Қазақстан» газеті патша­лы Ресейдің қазақтарды оты­рықшы ету саясатын қол­дады» деген пікір бар екенін білеміз. Бұған не дейсіз?

– Рас, «Қазақстан» газетін шығарушылар көшпелі тұрмысты тастап, отырықшы болуға, ауыл-қала салуға, серіктестік құруға шақырған. Оның басты себебі, «Оразақай» деп қол қойған Ғұмар Қараштың «Тіршілік таласы» мақаласынан анық көрінеді. «...Кең сахарада жайын өскен біздің қазақ баласының басына да тіршілік таласының заманы келіп жетті. Қазақ ішінен от арбалар салынып, жолдар ашылған соң күн батыста тар жерде отырған елдер бөгеп тұрған кедергісі алынған судай болып, қазақ сахарасына жайыла бастады... Егер ұйқымыздан бас көтермей бұрынғыша жата берсек – шексіз тез заманда дүния жүзінен көшпекпіз. ...Қалғымыз келсе, адам баласынан басқа жан иесінен, бір адамды бір адамнан артық еткен ғылым-өнер үйреніп, өзімізден ілгері кеткен халықтармен қатарласуға талап ету тиіс. Ата-бабадан келе жатқан жалқаулықты тастап, «тәуекел ердің жолдасы» деп, ғылым-өнер жолына түсіп, бүтін жұрт үлес алып жатқан дүниядан бізге де үлесімізді алу керек». Дәл осы аңдатпа-насихат газеттің 1912 жылғы 31 мамырдағы санындағы «Әркім өз жүрісінен құл болады» деген мақалада тіпті қатты айтылады: «...Құл болып, малша сатылып жүргендер ...тап осы күнде де бар. Тек бұрынғыдай бірінің бірі шоқпармен ...басына салып қалмайды. Бұ күнде бірін-бірі мақтаменен бауыздайды. Қайтіп жанының шығып кеткенін білмей қалады. Мұның мағынасы сол, бұ күнде адам баласы бірінен-бірі көріне тартып алмайды. ...Өнер менен ғылым жұмсап, барлығын ...жау­лап алады. ...Өнерсіз надан адам, надан халық құл болады». Мақалада қазақ ішіне келген Иванның аңқау қазақты қалай алдап, қақпанына түсіретіні, қарызға батыратыны, ең соңында жерін алып, қазақты құлша жұмсайтыны анық айтылған. Автор (Ғабдолла Көпжасаров): «Жаным, мынау қатар отырған халыққа қара­саңызшы! Осылар ұйықтап жатса, біз де ұйықтай берелік. ...Жоқ, енді олар қару-жарағын түзеп, жатса, яғни ғылым-өнер үйреніп жатса, біз ұйықтап жатуға келісі келер ме?!. Олар ертеңгі күн бар қаруын бізге жұмсайды ғой! Құр қол оларға біз не бітіреміз? ...Осы біздің сорымыз, ертең барып солардың аузына түсеміз. Біз малды машақаттанып, сол өнерлі халықтар үшін жинап отырмыз...» деп зар илейді. Тағы бір мақалада «үкімет біздің жерімізді алмай қоймайды, сондықтан жақсы жерлерге тезірек орналасып алу керек» деген идея айтады. Әрине, біз арада 100 жыл өткенде сол арыстарымыздың кеңесі өте көрегендік, дұрыс нұсқау болғанын байқаймыз.

– Жантас Нәбиоллаұлы! Зерттеушілер арасында «Қа­зақ­­­стан» газеті қаржы тап­шыл­ы­ғынан тоқтап, шықпай қалды деген пікір қалыптасқан. Осы мәселенің ара-жігін ажырата алдыңыздар ма?

– Тігінділерді ақтарып, саралай отырып, газет жұмысының іркілуіне сыртқы күштердің әсері басым болған-ау деген ой келе береді. Себебі, редакция Орал қаласына көшіп келген алғашқы кезеңде қаржы тапшылығын көргені газет мақалаларынан анық байқалғанымен, бірте-бірте бәрі жүйеге түскені көрінеді. Тіпті, аптасына бір рет шыға бастаған. №11 санда (24 сәуір, 1912 жыл) Жетісу облысынан Мамановтар мен Тұрысбековтерден қаржылай көмек келгені айтылса, №12 санда (31 мамыр, 1912 жыл) редакция «Мұхтарам оқушыларымызға» деп хабарландыру беріп, алдағы нөмірлерге жазылуды ескертеді.

Осы нөмірде жарияланған «Маман» атты өлеңнің жалғасы келесі санда басылады делінген. Яғни, шығарушылардың қарызға батып, газет шығаруды кілт тоқ­тату ниеті болмаған секілді. Алай­да, біздің қолымызға тиген газеттің келесі саны, 1913 жылғы 27 қаңтарда шығыпты. Бұл екі аралықта не болды? Газет шықпай қалды ма, әлде цензурадан өтпей, тәркіленді ме? Немесе, айып тартты ма? Мұны дәл айта алмаймыз. Мүмкін бұл сауалдардың төркініне келешек зерттеушілер көңіл аударғаны жөн болатын шығар.

«Қазақстан» газетін шола қа­рағанда, редакцияның дүние жү­зінде болып жатқан оқиғалармен оқырманын дер кезінде таныстырып отырғаны, соның ішінде түбі бір түрік мемлекетінің төңі­регіндегі соғыстарға жіті назар аударғаны, Түркияға бүйрегі бұрғаны анық байқалады. Соны­мен бірге, ре­дак­цияның қазақ тілді алқасы мү­шелерінің орыстармен, казактармен, татарлармен жақсы қарым-қатынаста болғаны, өзге ұлт ішінен де ниеттес-пікірлес адамдарды өзіне тартқаны анық көрінеді. Бұлардың бәрі болашақта айрықша зерттеу нысанына өзек бола алады деген ойдамыз.

Газеттің біздің қолымыздағы соң­ғы нөмірінде (16 ақпан 1913 жыл) Орынбордан нағыз қазақ тілінде «Қазақ» атты газет шыққандығы, оның бас жазу­шысы – «Қырық мысалды» жазған атақты ақынымыз Ахмет Байтұрсынов, қаржылай қолдаушысы Мұстафа Оразаев деген азаматтар екендігі қазақ, орыс тілдерінде хабарланған. Орыс тілінде «От редакции» деп берілген құттықтау-тілекте: «Біздің әлі жас оқырман қауым қуанар да басылар, бірақ біз еңбегімізді бұлдап, халыққа ренжи алмаймыз. Өйткені, біздің бүйткен бұл ісіміз – ел алдында мойнымыздағы борышымызды өтеу. Бұл – санаулыларға ғана бұйырар бақыт», деп ескер­тіп, «Қазаққа» ақ жол тілейді. Осының өзі алғашқы ұлт газетін шығарушылардың соңынан ерген әріптестеріне, дәлірек айтсақ, «Қазақстанның» тетелес, рухани жалғасы – «Қазақ» газетіне баспасөз арқылы ұлтқа қызмет ету эстафетасын сеніп тапсырғандай әсер қалдырады.

«Қазақстан» өзінің әр нөмірінің маңдайшасына: «Газеттің асыл мақсұты – кәсіп ету, ғылым-өнер турасында» деп жазыпты. Яғни, ұлтын кәсіп етуге, өнер-білімге шақыру, соған үндеу «Қазақ­станның» өз сөзімен айт­қанда, «өзімізден ілгері кеткен халықтармен қатарласуға талап ету» – газет шығарушыларының басты мақсаты болған. Осыдан бір ғасырдан астам уақыт бұрын айтылған осынау талаптар мен міндеттер бүгінгі күні де мәні мен маңызын жоймағаны анық. Түптей келгенде, бұдан бір ғасыр бұрын, 1911-1913 жылдары «Қазақстан» газеті ту етіп көтерген, өзекті де көкейкесті мәселелер Елбасы Нұр­­­­сұлтан Назарбаевтың бүгінгі бәсе­кеге қабілеттілік идеясымен де үн­десіп, жымдасып жатқандай көрінеді.

– Баспадан шыққанына біраз уақыт өтсе де, оқырман қолына әлі тие қоймаған «Қазақстан» атты қалың жинақтың таралымы тым аз екен. Небәрі 500 дана ғана. Ал бұл құнды да қа­жет кітапқа сұраныстың мол бола­тынына күмән келтіре алмаймыз.

– Сауалыңыздың төр­кі­нін түсіндім. Жыл аяғына де­йін «Қазақстан» жинағының тұсаукесерін Астанада және облыс орталығы Оралда өткізуді жоспарлап отырмыз. Сол кезде де біраз ұсыныс-тілектер болатыны анық. Қысқасы, өзіңіз айтқандай алдағы кезде жинақтың таралымын көбейту жөніндегі ой-жоспарларымыз жоқ емес. Оны уақыт көрсетеді.

Әңгімелескен

Темір Құсайын,

«Егемен Қазақстан».

ОРАЛ.