11.12.2013 ж. сағат 15:00 Ұлттық академиялық кітапханасында ҚР Тәуелсіздік күніне орай «Қазақстан» кітабының таныстырылымы болады

Бұл кітап – қазақтың тұңғыш мерзімді басылымдарының бірі, 1911-1913 жылдары жарық көрген «Қазақстан» газеті туралы.

1913 жылы патша үкіметінің қысымымен жабылған қазақ газеті Совет өкіметі жылдары екінші мәрте репрессияға ұшырады. Газет тігіндісі Санкт Петербург пен Мәскеу қалаларында ғана сақталды. Газетті шығарушы Ғұмар Қараш 1921 жылы қастандықпен өлтірілсе, редакторы Елеусін Бұйрин қудаланып, 1932 жылы Тәжікстанда аштықтан қаза тапты. Ал өз заманында прогрессивтік идеялардың жаршысы болған «Қазақстан» газеті туралы айтуға, жазуға рұқсат болмады. 1947 жылы арнайы қаулы шығып, ақын-ағартушы Ғұмар Қараштың шығармаларын оқуға, насихаттауға тиым салынды.

 

«Қазақстан» газеті – 1911 жылғы 10 наурыздан 1913 жылғы қарашаға дейін жарық көрген алғашқы қазақ басылымдарының бірі.

«Қазақстан» газеті – тарихта «Қазақстан» атауын тұңғыш қолданып, айналысқа енгізуімен де ерекше есте қалады. Бұған дейін барлық ресми құжатта қазақ атауы «киргиз», «киргиз-кайсаки» деп бұрмаланып келсе, газет шығарушылары «Қазақ» атын ұлттың ғана емес, мемлекеттің атауы етіп көтере білді. Арада дәл 80 жыл уақыт өткенде – 1991 жылдың 16 желтоқсанында «Қазақстан Республикасы» аталатын тәуелсіз мемлекет пайда болды.

«Қазақстан» газетінің ресми редакторы – Елеусін Бұйрин. Ал газетті ұйымдастыруға, шығаруға Шәңгерей Бөкеев, Ғұмар Қараш, Бақытжан Қаратаев, Ғабдолғазиз Мұсағалиев, Сәлімгерей Нұралыханов, Мұстафа Көкебаев, Батырхайыр Ниязов, Бақтыгерей Құлманов, Мағжан Жұмабаев, Ахмет Мәметов, Ғұбайдолла Бердиев т.б. көп үлес қосқан. Жетісудан Сейітбаттал қажы Маманов, Құдайберген Тұрысбеков, Ишанғұл қажы Маманов, Ғайдмахмұт Тұрысбековтер қаржылай көмектескен. Бакуден әзірбайжан меценаты Зейнелғабиден Тағиев 1000 сом жәрдем берген.

«Қазақстан» газетінде мақалалар негізінен қазақ тілінде болған, қосымша орыс, татар тілдерінде мақалалар жарияланған.

«Қазақстан» газеті сол кезеңдегі өте прогрессивті идеяларды көтерген, халыққа өнер-білім жолын ұсынған, отырықшылыққа шақырған, нақты кәсіби кеңес берген озық ойлы басылым болды. Газет мақалаларында көтерілген мәселелердің арада бір ғасыр өткенде де өте өзекті екендігі анық көрінеді.

2012 жылы тұңғыш рет «Қазақстан» газетінің орыс мұрағаттарындағы барлық саны Қазақстанға әкелінді. Араб әрпіндегі мақалалар кириллицаға түгел аударылып, түпнұсқамен бірге кітап болып жарық көрді. Бұл жинақта «Қазақстан» газеті және оны шығарушылар туралы деректер топтастырылған.

 

 

Өтетін орны: Астана қ., Достық көшесі 11

Қосымша мәлімет: 87778619598